РЕЗОЛЮЦИЯ

«АТА ЗАҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ БІЛІМ: ДАРЫНДЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ВЕКТОРЛАРЫ» тақырыбында мамандандырылған білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық тамыз педагогикалық кеңесінің
РЕЗОЛЮЦИЯСЫ

2026 жылғы 17 тамыз

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы 17 тамыз күні «Ата заң құндылықтары және заманауи білім: дарындылықты дамытудың стратегиялық векторлары» тақырыбында мамандандырылған білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық тамыз педагогикалық кеңесін (бұдан әрі – педкеңес) Zoom платформасында онлайн форматта өткізді.

Педкеңесінің мақсаты – дарынды балаларды қолдау жүйесін жетілдірудің стратегиялық бағыттарын айқындау, Ата Заң құндылықтарына негізделген заманауи тәрбие жүйесін дамыту, оқушылардың зияткерлік және тұлғалық әлеуетін нығайту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған тиімді тәжірибелерді тарату.

Педкеңес жұмысына дарынды балалармен жұмыс жөніндегі аймақтық орталықтардың басшылары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары мен директор орынбасарлары, педагогтер, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер, жоғары оқу орындарының ғалымдары, халықаралық сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыста еліміздің дарынды балаларын қолдау жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттары, «Саналы қоғам – сапалы мемлекет» қағидаты, жасанды интеллект дәуіріндегі дарынды білім алушылардың бірегейлігін қалыптастыру, когнитивтік және әлеуметтік дағдыларды дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру, CPS LAB құралын қолдану тәжірибесі, сондай-ақ Tolyq Adam моделі негізінде адал азамат қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар қазіргі білім беру жүйесінде академиялық жетістіктермен қатар, білім алушылардың сыни ойлауын, құқықтық мәдениетін, цифрлық сауаттылығын, азаматтық жауапкершілігін және көшбасшылық қасиеттерін дамыту басым бағыт болуы тиіс екенін атап өтті.

«Мамандандырылған білім беру ұйымының тәрбие жүйесін басқару: құндылықтар, тәжірибе мен нәтижелер» атты І тақырыптық алаң барысында құндылыққа бағдарланған тәрбие жүйесін басқарудың заманауи тәсілдері, қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту, олимпиадалық қозғалыс арқылы зияткерлік көшбасшылықты дамыту, жасанды интеллект құралдарын педагогикалық қызметке енгізу және оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін қолдау тәжірибелері ұсынылды.

Қатысушылар мектеп басшысының өзгерістерді басқарудағы рөлі, педагогтердің кәсіби әлеуетін қолдау және дарынды білім алушылардың халықаралық деңгейде табысқа жетуіне жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Заманауи тәрбие тәжірибелері: жасанды интеллект, патриотизм және мәдени құндылықтар» атты ІІ тақырыптық алаңда жасанды интеллект арқылы жаратылыстану-ғылыми сауаттылықты дамыту, әскери-патриоттық тәрбиенің тиімді тәжірибелері, олимпиадаға дайындықтағы ғылыми когнитивтік карталау, мектеп пен отбасының серіктестігі, STEAM жобалау және құрастыру бағдарламасы, құқықтық білім берудегі авторлық цифрлық өнімдер, робототехника және NXplorers бағдарламасының тәжірибесі ұсынылды.

«Қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасы: әлеуметтік-психологиялық қолдау арқылы тәрбиелеу» атты ІІІ шығармашылық алаңда қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудың тиімді тәжірибелері, қабілеттерді диагностикалау мен жеке даму траекторияларын құру, жасөспірімдердің эмоционалдық интеллектісі мен өміршеңдігін дамыту, цифрлық қауіпсіздік, қолайлы мектеп ахуалын қалыптастыру, тимбилдингтің психологиялық қолдау құралы ретіндегі рөлі және педагогтердің кәсіби күйіп кетуінің алдын алу мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар оқушылардың психологиялық қауіпсіздігі мен педагогтердің эмоционалдық әл-ауқаты сапалы білім беру ортасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Пленарлық отырыс пен тақырыптық алаңдарда ұсынылған тәжірибелерді талқылай отырып, қатысушылар Ата Заң құндылықтарына негізделген білім беру жүйесі дарынды білім алушылардың зияткерлік әлеуетін дамытумен қатар, олардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын және әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға бағытталуы тиіс деген ортақ пікірге келді.

Тамыз педагогикалық кеңес қорытындысы бойынша төмендегідей шешім қабылданды:

1. Дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және сүйемелдеу жүйесін жетілдіру, олардың жеке білім беру траекторияларын, тәлімгерлік, зерттеу және жобалық қызметін жүйелі дамыту.

2. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының тәрбие жүйесін Ата Заң құндылықтары негізінде нығайту, патриотизмді, құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды күшейту.

3. Олимпиадалық қозғалысты, ғылыми жарыстарды және жобалық қызметті дамыту, оларды білім алушылардың зияткерлік көшбасшылығы мен шығармашылық әлеуетін ашудың тиімді тетігі ретінде кеңейту.

4. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне жауапкершілікпен енгізу, оларды оқытуды дараландыру, когнитивтік және зерттеушілік дағдыларды дамыту мақсатында тиімді пайдалану.

6. STEAM, зерттеушілік және жобалық оқытуды кеңейту, инженерлік, жүйелі және сыни ойлауды дамытуға бағытталған тиімді тәжірибелерді енгізу.

7. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жетілдіру, білім алушылардың эмоционалдық интеллектісін, эмоционалдық тұрақтылығын және әлеуметтік бейімделуін дамытуға арналған бағдарламаларды кеңінен қолдану.

8. Қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын нығайту, цифрлық қауіптердің, буллингтің және әлеуметтік-психологиялық тәуекелдердің алдын алу жұмыстарын жүйелеу.

9. Педагогтердің кәсіби әл-ауқатын қолдау, кәсіби күйіп кетудің алдын алу бойынша тұрақты психологиялық қолдау шараларын жүзеге асыру.

10. Мектеп пен отбасының серіктестігін дамыту, ата-аналарды дарынды балаларды тәрбиелеу мен қолдау үдерісіне белсенді тарту.

11. Жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдармен және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту, білім алушылардың ғылыми, инженерлік және инновациялық әлеуетін дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасау.

12. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына мамандандырылған білім беру ұйымдарына әдістемелік сүйемелдеуді жалғастыру, тақырыптық алаңдарда ұсынылған озық тәжірибелерді республика көлемінде тарату.

13. Өңірлік орталықтар мен мамандандырылған білім беру ұйымдарына осы резолюция шарттарын 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспарларына енгізіп, нақты практикалық шаралардың орындалуын қамтамасыз ету.

Заманауи мамандандырылған білім беру ұйымы – Ата Заң құндылықтары біліммен, технологиямен және тәрбиемен сабақтасып, дарынды тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасайтын орта болуы тиіс.